Ла Лига президенті Неймардың «Барселонаға» оралуын қаламайтындығын жеткізді

Ла Лига президенті Хавьер Тебас ПСЖ шабуылшысы Неймардың «Барселонаға» қайта оралуы мүмкін деген ақпаратқа өз пікірін білдірді.

«Өз басым, Неймардың Ла Лигаға оралуын қаламас ем. Себебі ол өскелең ұрпаққа үлгі емес. Үздік ойыншы болар, бәлкім. Дегенмен, өзін-өзі ұстау мәнері де аса маңызды. Біздегі құндылықты сақтау үшін өте көп еңбек еттік және мұны өзгертуді еш қаламаймыз», – дейді Тебас Marca баспасында.

Естеріңізге сала кетейік, Неймардың париждік клуб сапында жүрген жылдарында БАҚ өкілдеріне оның бұл ұжымда өзін бақытты сезіне алмай жүргендігі және «Барселонаға» қайта оралғысы келетіндігі жөнінде бірнеше мәрте айтылған. Өткен маусымда клубтық деңгейде бразилиялық 28 матчқа қатысып, 23 гол мен 13 нәтижелі пасты еншісіне жазды. Футболшының ПСЖ-мен арадағы келісімшарты 2022 жылдың жазына дейін.