Такам: Усикпен қыркүйекте кездесіп, оны нокаутқа түсірем

Суперауыр салмақ бойынша әлем чемпионы титулына бұрынғы үміткер Карлос Такам алғашқы ауыр салмақтағы әлемнің экс-абсолютті чемпионы саналатын Александр Усикпен жекпе-жегі қыркүйек айында өтетіндігін растады.

Боксшы украиналықты уақытынан бұрын сұлатамын деп сөз берді.

«Усикпен кездесуді қыркүйекте өткіземін. Бірақ бұл жекпе-жек нақты Мэрилендте өте ме, әлде Ұлыбританияның бір жерінде ме, әлде басқа жақта ма, ол жағы маған белгісіз. Күтуге тырыспаймын. Осының алдында тағы бір кездесу өткізуім мүмкін. Қандай қарсылас болса да, маған бәрібір. Себебі барлығына дайынмын.

Усикке тез жазылып кетуін тілеймін. Онымен болатын жекпе-жекті күтемін және жеңіске дәмелімін. Оны нокаутқа аттандырамын», – дейді Такам Boxing247 баспасында.

Алғашында, қос тараптың кездесуі 2019 жылдың мамыр айына жоспарланған еді. Бірақ Усик жарақат алып қалуы себепті жекпе-жектен бас тартты. Такаммен жұдырықтасу Александр үшін суперауыр салмақ дивизионындағы дебюті болмақ.