Фергюсон Нурмагомедов пен Порье кездесуіне болжам жасады

ММА сайыпқыраны Тони Фергюсон ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен америкалық Дастин Порье арасындағы жекпе-жек жайында өз ойымен бөлісті.

Титулды кездесу қыркүйек айында Абу-Даби қаласында өтпек. Нурмагомедов чемпиондық белдігін қорғайтын болады.

«Менің ойымша, Хабиб жеңеді. Порьедегі бокс өте тамаша, ол қысымды жақсы көрсете алады. Бірақ Хабиб істі күреске айналдыра алатындығына сенімдімін.

Мұны бұрын да айтқанмын, егер Дастин жылдамырақ қимылдамаса, оны тығырыққа тірейді. Ал егер Хабибтың мұнысына тап болсаң, онда ойын аяқталды деп ойлай бер», – дейді Фергюсон.

Фергюсон чемпиондық белдікке үміткерлер тізімінде келесі кезекте тұр. Дегенмен, Хабиб Тонимен кездесу өткізе ме, ол жағы әзірге белгісіз. Осыған дейін, Фергюсон Дональд Серронегі жеңген болатын.