Копа Америка-2019. Плей-офф матчтары бастау алмақ

Копа Америка 2019 топтық кезеңі тарих қойнауына кетті. Алда енді қызықты плей-офф кездесулері. Оның қатысушылары арасында сенсация авторы жоқ деуге болады. Әр топтың нағыз мықтылары келесі кезеңге жолдама алды.

Плей-оффтың кестесіне қарап, финалда қайтадан Чили мен Аргентина жолығып қалуы мүмкін деп топшалауға болады. Алайда, аргентиналықтардың биылғы өнерін бағалай келе, Лионель Месси бастаған командаға үміт арту қиын екендігін ұғамыз. Сонда да, кім біледі, мүмкін олар күштерін топтық кезеңде сарп қылуды қаламаған болар?

Жалпы топтық кезеңдегі ойындарды сараптар болсақ, басты фавориттер Бразилия мен Уругвай сияқты көрінеді.

 

Бразилия – Парагвай

Бразилия сөзсіз фаворит. 2013 жылғы Конфедерация Кубогінен кейін «селесао» үлкен турнирде жеңіс тойлаған емес. Үйдегі Америка кубогі сенімдікті қайта иемденудің тамаша мүмкіндігі емес пе? Бұл турнирде Бразилия соңғы рет 12 жыл бұрын тұғырға көтерілген. Содан бері құрама ширекфиналдан шығудың өзін арманға айналдырды. Бір қызығы, 2011 және 2015 жылдардағы Копа Америка плей-оффынан Бразилияны Парагвай ұшырған. Екі ретте де жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Ал 2016 жылғы турнирде «селесао» тіпті топтық кезеңнен ары аспады.

Биылғы Парагвай мықтылардың қатарынан емес. «Гуарани» топтан үшінші орын алып шықты. Шыны керек, олардың жолы болды. Себебі доп айырмашылығы бойынша ғана Жапония жарыс жолын жалғастыра алмай, Парагвайдың плей-оффқа шығуына мүмкіндік жасалды.

Бразилия – Парагвай. 28 маусым 06:30. Setanta Qazaqstan телеарнасының тікелей эфирінде. Қайталауы – кешкі 21:00-де.

 

Венесуэла – Аргентина

Аргентина сансыз сын астында қалды. Тіпті атақты Диего Марадонаның өзі құрамаға шүйлікті. «Сендерді тіпті Тонго да жеңіп кетеді! Бұл масқара!» – деді аңыз футболшы.

Егер де Лионель Месси шын мәнінде ұлттық құрамамен трофей жеңгісі келсе, оянатын кез келді. Әлбетте, Венесуэла ұтысты оңай беріп қоя салмайды. Оған қоса, Рафаэль Дудамельдің шәкірттеріне сәттілік ылғи да серік болатынын ескеру қажет.

Венесэула – Аргентина. 29 маусым 01:00. Setanta Qazaqstan телеарнасының тікелей эфирінде. Қайталауы – кешкі 20:00-де.

 

Колумбия – Чили

¼ финалдың орталық матчы. Қос тарап та топтық кезеңді көз жұмып өтті. Колумбия – турнирдегі барлық ойынды жеңіп келе жатқан жалғыз құрама. Бірақ үш жыл бұрынғы Копа Америкада «кофешілер» Чилиден айласын асыра алмады. Бұл жолы қалай болмақ?

Колумбия – Чили. 29 маусым 05:00. Setanta Qazaqstan телеарнасының тікелей эфирінде. Қайталауы – кешкі 22:00-де.

 

Уругвай – Перу

Уругвай топтық кезеңде Чилиді ұтып, жағдайларын жеңілдетіп алды. Эдисон Каванидің жалғыз голы плей-оффтағы қарсыласын Перу қылып анықтап берді. Оскар Табарестің командасында «Матадордан» бөлек Фернандо Муслера, Диего Годин, Мартин Касерес, Луис Суарес, сондай-ақ Хосе Мария Хименес, Лукас Торрейра сияқты жоғары дәрежелі футболшылар жиналған. Олар үшін Хосе Паоло Герреро бастаған Перу сөз болып па?

Уругвай – Перу. 30 маусым 01:00. Setanta Qazaqstan телеарнасының тікелей эфирінде. Қайталауы – кешкі 20:00-де.