«Манчестер Сити» — Англияның өзіндік треблын жасаған тұңғыш ерлер командасы

«Манчестер Сити» финалда «Уотфордты» жеңіп, Англия Кубогын иеленді. Кездесу Лондондағы «Уэмбли» стадионында өтіп, 6:0 есебімен аяқталды.

Хосеп Гвардиола биылғы маусымда ішкі турнирлер треблын жасады. Осыған дейін, «қалалықтар» ағылшын лигасының Кубогы мен ағылшын Премьер-лигасын жеңіп алған еді.

«Манчестер Сити» — бір маусымда үш бірдей ішкі біріншілік турнирін жеңген алғашқы ағылшын ерлер командасы атанды. 2007 жылы лондондық «Арсеналдың» әйелдер құрамасы АПЛ, АПЛ Кубогы және Англия Кубогын бағындырған.

Естеріңізге сала кетейік, «Сити» Премьер-лигадағы чемпиондыққа талас барысында «Ливерпульді» шаң қаптырған болатын. Командалар арасындағы ұпай айырмашылығы небәрі бір ғана – 98 де 97. Лига Кубогының финалында «қалалықтар» лондондық «Челсиды» тізе бүктірді (Қ.У.0:0, пенальтиден 4:3).