«Манчестер Сити» Компанидың командадан кеткендігін хабарлады

«Манчестер Сити» өзінің ресми сайтында қорғаушы, әрі команда капитаны Венсан Компанидың кеткендігін хабарлады. Айта кетейік, 33 жастағы бельгиялық футболшы «қалалықтар» сапында 11 жылдың көлемінде доп тепті.

«Қаншалықты ауырға соқса да, ұжымнан кететін уақыт жетті. Алғыстан өзгені сезіп тұрғаным жоқ. Осындай ерекше клубта мені әрдайым қолдаған жандарға разылығымды білдіремін. «Қалалықтар» сапындағы алғашқы және соңғы күнім де жадымда. «Манчестер Сити» жанкүйерлерінің адалдығы мен қолдауын ешқашан ұмытпаспын. Барлық қиындықтарға қарамастан, мені әрдайым демеп, соңына дейін күресуге шабыт сыйладыңыздар», – дейді Компани.

Компани «Манчестер Сити» сапында 2008 жылдан бері өнер көрсетіп келді. «Қалалықтармен» бірге бельгиялық Англияның төрт дүркін чемпионы атанып, Англия Кубогын екі рет жеңді және ағылшын лигасы Кубогынде төрт мәрте топ жарды.