Уайт Нурмагомедовтың келесі қарсыласы Фергюсон болатындығын жасырмады

UFC президенті Дэна Уайт ММА сайыпқыраны Тони Фергюсон титулды жекпе-жек өткізуі мүмкін екендігін хабарлады. Фергюсон осыған дейінгі UFC 238 турнирінде Дональд Серронені жеңген еді. Дәл қазіргі сәтте титул ресейлік Хабиб Нурмагомедовке тиесілі.

«Хабиб Нурмагомедов Дастин Порьемен Абу-Дабиде қыркүйек айында белдеседі. Ар жағы қалай болады, ол жағы белгісіз. Тони Фергюсон Серронемен тамаша кездесу өткізді. Сондықтан, Фергюсон титулды бәсеке үшін кезекті үміткер деп ойлаймын», – дейді Уайт MMA News баспасында.

Фергюсонның өзі чемпиондық титул үшін өзіне мүмкіндік беруін бірнеше мәрте талап еткен болатын. Бірақ америкалық сайыпқыран жары өзіне күш көрсетті деп айыптағаннан соң, мансабында кішігірім үзіліс жасауға мәжбүр болды. Сол сәтте әйелі Фергюсонның психикасы қалыпты емес деп айып таққан еді.

Нурмагомедовке келер болсақ, соңғы рет октагонға 2018 жылдың қазанында шықты. Конор Макгрегорды тізерлетіп, титулын сақтап қалған болатын.