Шакил О’Нил: «Голден Стэйтке» құрметсіздік танытылса, олардың ойыны ширай түседі

ҰБҚ бұрынғы жұлдызы, ал қазір телесарапшы Шакил О’Нил «Голден Стэйт» «Торонто Репторсты» ҰБҚ-ның плей-оффында жеңеді дегенге аса сенімді.

«Бәсті «Голден Стэйтке» қоямын. Олар өздеріне құрметсіздік танытылып, күмән келтірсе, ойындары мығым бола түседі. Әсіресе, Клэй Томпсон мен Дрэймонд Грин өздерін маусымның символикалық құрамына енгізбегендері қате болғандығын дәлелдеп бағуы тиіс», – дейді О’Нил Clutch Points баспасында.

«Голден Стэйт» плей-офф финалына осымен бесінші жыл қатарынан жолдама алды. Өткен төртеуінде олар үш мәрте чемпион атанды.

Қалыпты чемпионаттың биылғы маусымында «Торонто» қос матчта да «Уорриорздан» басым түсті.

«Голден Стэйттің» жеңіл форварды Кевин Дюрант пен оның орталық шептегі әріптесі Демаркус Казинс финалдың бастапқы бөлігіне жарақаттарына байланысты қатыса алмайды.