Бердых алғаш рет АТР рейтингісінде үздік 100-діктен алыстамақ

33 жасар чехиялық теннисші Томаш Бердых бүгін халықаралық теннисшілер ассоциациясының рейтингісінде үш позицияға төмендеп, 101-ші орынға тұрақтауы мүмкін. Сөйтіп ол 2004 жылдан бері үздік 100-ке алғаш рет енбей қалады.

Былтыр Бердых жарақатына байланысты жарты жылдай спорттан алыстап, рейтингісі құлдырай бастады. Алайда биылғы маусымды чех жақсы өткізіп, Доха (Қатар) турнирінде финалға жетті. Сондай-ақ, Томаш Australian Open жарысының төртінші айналымына өтіп, Рафаэль Надальға лайықты қарсылық танытты.

Томаш Бердых – АТР турнирлерінің 13 дүркін чемпионы. Оның мансабындағы ең биік шың – 2015 жылғы рейтингідегі 4-ші орын.