Чили – Перу. Copa America – 2019 жартылай финал матчы Setanta Qazaqstan телеарнасында

4 шілде күні «Арена ду Гремио» стадионында Америка Кубогінің жартылай финалында Чили мен Перу ұлттық құрамалары өзара мықтыны анықтайды. «Ла Роха» бұл кездесуде фаворит көрінгенімен, перулықтар оңай беріле қоймас.

Чили ширек финалда Колумбияны жарыс жолынан сүріндірді. Бұл нәтижеге қол жеткізуде бас бапкер Рейнальдо Руэденің еңбегі орасан зор. Ол өз отандастарының ойын өрнегін жіті зерттегенін көрсетті. «Қызылдар» биылғы турнирде тұрақтылығымен ерекше көзге түсуде. Егер чилиліктер қатарынан үшінші рет басты трофейді иеленсе, таң қалушылардың қатары айтарлықтай көп бола қоймас.

Перу болса, Уругвайға қарсы матчта, сөзсіз, ұтымды тактиканы пайдаланды. «Инктер» шабуылды ұмытып, қорғанысқа барынша ден қойды. Бұл әдіс Рикардо Гареканың шәкірттеріне қажетті нәтижені сыйлады. Алайда, Чилиге қарсы ойында басқаша тактиканы ойластыру абзал. Себебі, Чили «екінші нөмірлі» командаларға қарсы тұрудың қыр-сырын біледі.

Десе де, жартылай финалда қайсы тарапқа болмасын оңай соға қоймас. Чилидің «алтын дәуірі» артта қалып бара жатқанын ұмытпау керек. Колумбияға қарсы кездесуде алаңға бірінші минуттан бастап шыққан 11 футболшының жасы 30-дан асқандығы осыған дәлел. Жан алысып, жан берісер кездесу күтіп тұрғанына айқын көз жетеді.

Ал финалға кім шығады? Басты сұрақтың жауабын Setanta Qazaqstan телеарнасының тікелей эфирінде білеміз. Бас төреші Вильмар Рольданның ысқырығы Нұр-Сұлтан уақытымен 06:30-да шалынады. Матча Әлімжан Асқаров пен Петр Воликов комментаторлық қызмет атқарады.

 

Чили – Перу

Copa America 2019 ½ финал

04.07.2019. 06:30 (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша)

Арена ду Гремио, Порту-Алегри, Бразилия

Setanta Qazaqstan тікелей эфирінде