Де Росси: «Бока Хуниорста» доп теппей, мансабымды аяқтай алмаймын»

Италиялық «Романың» бұрынғы жартылай қорғаушысы Даниэле Де Росси «Бока Хуниорс» сапына ауысу жөнінде шешім қабылдады. Бұл жайында Marca баспасы хабарлап отыр.

Мұндағы ақпарат бойынша, Де Росси аргентиналық клубпен бір жылдық шартнамаға келісімін беріпті-мыс. Таяу аралықта оны ресми түрде рәсімдемек.

35 жастағы футболшы мансап жолын түгелдей «Ромада» өткізген. Өткен маусым аяқтала салысымен, римдік клубтың құрамынан кетті. Де Россидың аргентналық клубқа ауысуына түрткі болған өзінің ұжымдасы Николас Бурдиссо. Ол 2018 жылдың соңынан бастап, «Бока Хуниорстың» спорттық директоры қызметіне ауысқан болатын.

«Бока үшін матч өткізбей, мансабымды аяқтай алмаймын», – дейді жартылай қорғаушы.

Естеріңізге сала кетейік, Де Росси «Рома» жейдесінде соңғы рет 26-шы мамыр күні «Пармаға» қарсы өткен өз алаңдарындағы матчта өнер көрсетті. Даниэле – аталған ұжым тарихында ең көп матч өткізген ойыншылар тізімінде Франческо Тоттидан кейін, екінші.