Месси: «Біз турнирдегі ең үздік ойынымызды көрсеттік»

Аргентина құрамасының көшбасшысы Лионель Месси Америка Кубогының жартылай финалында Бразилиядан 0:2 есебімен жеңілген соң, өзінің әсерімен бөлісті.

– Турнирдегі өзіміздің үздік ойынымызды таныттық деген ойдамын. Тырысып баққанымызбен, мүмкіндіктерді нәтижелі түйіндей алмадық. Бразилиялықтар бізден соншама мықты болды деуге келмес, өте дөрекі фолдар жасады, қолымен де ойнады. Бірақ бұл кеште төрешілер бірде-бір рет VAR жүйесіне жүгінбеді де. Бұл ақылға қонымсыз! – дейді Лионель Месси TyC sports-та.

Аргентинаны жеңген Бразилия құрамасы 2019 жылғы Америка Кубогының алғашқы финалисі атанды. Олардың финалдағы қарсыласы 4-ші шілде күні (басталуы – Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат таңғы 06:30-да) анықталмақ. Дәл сол күні Чили мен Перу жартылай финалда Порту-Алегридегі «Арена ду Гремио» стадионында өзара күш сынаспақ.