Копа Америка-2019. Титандар таласы мен Чилидің үшінші жорығы

Америка Кубогінің жартылай финалистері анықталды. Бұл матчтардың қорытындысы бойынша, екі үздік команда финалға жолдама алса, жеңілгендер – үшінші орынға таласады. 1/2 финалда Бразилия, Аргентина мен Чилидің табылуы болжамға сай келсе, төртінші құрама – Перу нағыз сенсация авторы атанды.

 

Бразилия – Аргентина

Бұл Оңтүстік Америка футболының 100 жылдық тарихы бар классикасы. Копа Америка турнирінің ең маңызды кездесуі. Егер Аргентина жеңсе, қатарынан үшінші рет финалға шығады. Бір қызығы, ақтық ойындағы қарсыласы тағы да Чили болуы бек мүмкін. Десе де, Лионель Мессидің командасының жартылай финалдан өтуі күмәнді көрінеді.

Бразилия ұлттық құрамасы – сөзсіз фаворит. Бірақ оларға қарсы тұру мүмкін емес деуге келмейді. Титенің ұжымы бұл жарыс жолында Венесуэла мен Парагвайға қарсы ойындарда айтарлықтай қиындықтарға душар болды.

 

Чили – Перу

Перу үшін жартылай финалдың өзі – биік шың. Құрама одан асқан жетістікті мақсат етіп қоймаса керек. ¼ финалда перулықтардың Уругвайды қапы қалдыруы ерлікке баланды. Қос құрама ойынды пенальти сериясына дейін жеткізді де, 11 метрлік соққыларды жасауда Луис Суарестің жолы болмады.

Колумбия – Чили матчында да негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Пенальти серияларында жолы болғыш «Ло Рохаға» тағы да сәттілік серік болды. Сөйтіп, фаворит саналып жүрген Колумбия да, Уругвай да жеңіліске тап болды. Копа Америка – 2019 күтпеген нәтижелермен қуантуда.

 

Жартылай финал:

03.07.2019. Бразилия – Аргентина. Нұр-Сұлтан уақытымен 06:30-да.

04.07.2019. Чили – Перу. Нұр-Сұлтан уақытымен 06:30-да.