Ривалдоның ойынша, Месси «Алтын допқа» басты үміткер

«Барселонаның» экс-шабуылшысы Ривалдо каталондық клуб пен Аргентина ұлттық құрамасының форварды Лионель Мессиді 2019 жылғы «Алтын доп» бәсекесіндегі басты үміткер деп атады.

«Кіршіксіз сенімдімін, Месси «Алтын доп» үшін қолдан келгеннің барлығын жасады. Әңгіменің өзі жекелей мадақ жайында емес пе? Ван Дейк дейсіз бе? Жауабын мына сұрақ арқылы табуға болады. Ол «Ливерпуль» қорғанысына Мессидің «Барселона» шабуылына тигізген әсеріндей пайда әкелді ме? Қандай жағдай болмасын, егер Лео Америка Кубогын жеңіп алар болса, бұл кезекті бір «Алтын допқа» қол жеткізу үшін қуатты импульс болары күмәнсіз», – дейді Ривалдо Mundo Deportivo баспасында.

2018-2019 жылғы маусымда Месси «Барселона» үшін клубтық деңгейдегі турнирлерде 50 матч өткізіп, 51 гол және 22 нәтижелі пасты еншісіне жазды. Қазіргі сәтте 32 жастағы аргентиналық бес «Алтын доптың» иегері (2009, 2010, 2011, 2012, 2015).