Copa America Setanta Qazaqstan арнасында

Спорт Жаңалықтары Футбол

Setanta Qazaqstan футбол жанкүйерлерін қуантуға асығады! Телеарна 14 маусым мен 7 шілде аралығында Бразилияда өтетін Copa America 2019 турнирінің матчтарын көрсету құқығын иеленді.

Copa America – КОНМЕБОЛ (Оңтүстік Америка футбол конфедерациясы) федерациясына мүше Оңтүстік Америка елдерінің ұлттық құрамалары арасында өтетін футбол додасы. Бұл турнир қазіргі халықаралық футбол жарыстары ішіндегі ең байырғысы болып табылады. Алғашқы ресми турнир 1916 жылы өткізілген.

Copa America-ға Оңтүстік Америкадан 10 мемлекет қатысады: Аргентина, Боливия, Бразилия, Венесуэла, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили және Эквадор. Сондай-ақ, биылғы жарысқа қосымша екі құрама шақырту алды – Қатар және Жапония.

Турнирдің қазіргі чемпионы – Чили ұлттық құрамасы. Жалпы алғанда, Copa America- ны ең көп Уругвай құрамасы ұтқан. Олардың еншісінде 15 чемпиондық атақ бар.

Copa America 2019 Бразилияның бес қаласындағы 2014 жылғы футболдан Әлем чемпионатына арнайы соғылған 6 стадионында өтеді.

Плей-офф кезеңіне топтың үздік 2 командасы мен үшінші орын алған құрамалардың ішіндегі рейтингісі жоғары 2 ұжым шығады. Финалдық ойын аты Әлемге әйгілі «Маракана» стадионында өтеді.

Қазақстандық көрермендер Лионель Месси және Пауло Дибала, Филиппе Коутиньо мен Алисон Бекер, Луис Суарес пен Эдинсон Кавани секілді теңбіл доптың шеберлерінің өнерлеріне куә бола алады. Барлық кездесулер SETANTA QAZAQSTAN телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі. Сондай-ақ, Батыс жарты шармен уақыт ерекшелігін ескере отырып, турнирдің ойындары Қазақстан жанкүйерлеріне ыңғайлы уақытта – сол күні кешке қайталап көрсетіледі.